Ерлі-зайыптылардың арасындағы неке бұзылғаннан кейін баламен шетелге демалысқа шығу кейбір қиындықтар туғызуы мүмкін. Араларындағы шиеленіс салдарынан, әкесі анасына баланы шетелге шығаруға әдейі келісім бермей жататын жағдайлар болады. Жалпы, баламен шетелге УАҚЫТША шығу үшін (демалыс, емделу, т.б.) екінші ата-ананың келісімі қажет пе?
ЖАУАП:
«Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдеу қағидаларын бекіту туралы» ҚР Үкіметінің қаулысының 7-бөлігіне сәйкес, ҚР шегінен тыс ата-анасының бірімен ТҰРАҚТЫ тұрғылықты жерге кететін жағдайда ата-анасының екіншісінің нотариалды расталған келісімі қажет. Демек, жазғы демалыс сияқты шетелге тұрақты түрде емес, ата-анасының бірімен УАҚЫТША кететін жағдайда екінші ата-анасының келісімі қажет емес.
Алайда, барғалы отырған шетелдік мемлекет екінші ата-ананың келісімін талап етуі мүмкін. Сондықтан, туристік жолдама алынып отырған компаниядан немесе елшіліктен ондай келісімнің қажеттілігін алдын ала анықтап алған жөн.